"Охотзоопром "ӨБ" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорны

  • Әкімшілік құқық бұзушылық
  • Браконьерлік
  • Бағдарламалар
  • Жаңалықтар мұрағаты
  • Заңнама
  • Жарияланымдар
  • Халықаралық конвенциялар
  • Фотогалерея
  • Мемлекеттік сатып алулар
  • Видео материалдар

Сенім телефоны

8 (727) 383-95-00

Авторизация

КИІКТЕРДІҢ ҚЫС АЙЫНДА КҮЙІ ҚАНДАЙ?

13 ақпан 2019 Комментариев: 0

   Қазақтың кең байтақ даласының еркесі саналатын ақбөкендердің Орал популяциясы туралы Қазталов ауданының "Ауыл айнасы" газетінің жазушысы Қайрат Жақып Киіктердің бүгінгі жағдайы туралы "Охотзоопром" ӨБ" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Сырым Орынғалиевпен тілдесіп КИІКТЕРДІҢ ҚЫС АЙЫНДА КҮЙІ ҚАНДАЙ? деген тақырыпта Киелі жануарға мылтық кеземейік деген үгітпен Батыс өңірі жұртшылығына кезекті мақаласын ұсынды...
 
  Бүгінгі мақаламыздың тақырыбы – қазақтың кең байтақ даласының сұлу еркесі саналатын, қастерлі ақбөкендер туралы болмақ. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары қазақ елінің ұшы-қиырсыз даласындағы киіктің саны… 1 миллион 20 мыңнан асып жығылыпты!.. Ал бүгін ше? Киіктің өзі оралдық, бетпақдалалық және үстірттік болып үшке бөлінеді екен. Оралдық популяцияға жататын Қазталов, Жәнібек, Бөкей Орда, Жаңақала аудандарының аумағын мекендейтін ақбөкендер саны 135 мың басқа жетіп отыр. Бұл былтырғы жылдың санағы. Ал биылғы қары қалың қыс киіктерді қысып жіберген жоқ па? Онымен қоса киіктің мүйізі үшін ғана ататын қаскөйлер тағы бар. Киіктердің бүгінгі күндегі жағдайын білмек болып, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Сырым Орынғалиевпен кездестік.
  -Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің арнайы бұйрығымен 2011 жылдың қаңтарына дейін киіктерді атуға қатаң тыйым салынған болатын. Жақында бұл бұйрықтың мерзімі ұзартылып, тыйым салу уақыты 2020 жылдың 30 қаңтарына дейін созылды. Біздің өлкені негізінен Орал популяциясына жататын киіктер мекендейді. Қазақстан бойынша киіктердің 70 пайызы осы Орал популяциясына жатады. Оларды өзіміз бақылап, қорғауға алғалы едәуір өсім бар.Биылғы қыстың қарлы болуына байланысты ақбөкендер қары жұқа Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарымен шекаралас Атырау облысына қарай көшкен болатын. Қазіргі таңда киіктердің жағдайы жаман емес, шығын жоқ. Киіктерді бақылау және қорғау жүргізуге 24 инспектордан құралған 4 топ жұмыс жасап жатырмыз. Әр топ жол талғамайтын автокөліктермен және қарда жүретін шаналармен қамтылған. Басты мәселе – киелі жануарларға мылтық кезейтіндер әлі де азаяр емес. Былтырғы жылдың басынан бері облысымызда 43 заңсыз киік ату фактілері тіркелген болса, біздің топтың күшімен 2018 жылдың желтоқсан айында Қазталов ауданы, Бірік ауылдық округінің Саралжын елді мекенінің бір тұрғыны және Жәнібек ауданы аумағындағы Саралжын қыстағының бір тұрғыны заңсыз киік ату кезінде құрықталған болатын. 14 млн. 400 мың теңге көлемінде мемлекетке шығын келтірген осы екі азаматтың біреуінің үстінен қылмыстық іс қозғалса, екіншісіне сот процесі басталды. Бүгінде қаскөйлер әбден әккіленіп, қуланып алған. Арам пиғылды ойларын жүзеге асыру үшін алдын ала жоспар құрып, жан-жақты сайланып шығады. Соңғы үлгідегі техникалармен, құрал-жабдықтармен, шетелдік жүрдек көліктермен қаруланған олар оңайлықпен ұстата қоймайды.Біздің тарапымыздан осындай құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ауыл тұрғындары арасында әртүрлі акциялар мен кездесулер өткізіп отырамыз. Мақсатымыз – киікпен қоса аң, құс, балықты заңсыз атуға, аулауға болмайтынын халыққа түсіндіру, -дейді Сырым Орынғалиев
   Қаскөйлердің киікті мүйізі үшін аулайтыны белгілі. Олар көбінесе мүйізі шаңырақтай киік текесін нысанаға алады. Даланы қызыл қанға бояған қатігездер көбіне киіктің басын ғана кесіп алып, денесін лақтырып кетеді. Бейресми деректерге жүгінсек, аңшылар киік мүйізін 35-40 мың теңгеге сатады. Алматыда бұл одан да жоғары бағаланады екен. Онда мүйіздің келісі 200 мың теңгеден асып жығылса, Қытайда 4 мың доллардың төңірегінде. Қытайда дәстүрлі медицина үшін киіктің мүйізіне дәрілік шикізат ретінде сұраныс мықты. Қытай медицина индустриясының мүйізге деген сұранысы жыл сайын 8 тоннаға дейін барады екен. Ақшаға құныққандар киіктің киесін ойлап жатқан жоқ.Былтырғы жылы «Охотзоопром» мекемесінің ғылыми қызметкері Бақтияр Ташеновпен кездесудің сәті түскен еді. Ауданымызға ақбөкендердің санағын жүргізуге келген Бақтияр ағамыздан,-Киіктің қандай пайдасы бар? -деген сұрағымызға ол, -Киіктер мұз дәуірінен бері жер бетін мекендеп келе жатқан жануар ғой. Біріншіден олар табиғи азықтың қоры болып есептеледі. Тағы бір қасиеті –төрт түлік мал сияқты даладағы шөпті түбімен жұлып жемейді және аша тұяқтылар қатарына жататын болғандықтан жайылған кезде топырақты қопсытады. Сондай-ақ киік өсімдіктерді табиғи тозаңдаушы болып табылады. Олай дейтініміз бөкендердің танауы үлкен болғандықтан өсімдіктердің тозаңын жинап алып, басқа жерлерге таратады. Міне, осындай қасиеттері бар,-деген болатын. Бұдан шығар нәтиже еліміздің сар даласын ерекше бір сұлулыққа толтырып қана қоймай, табиғатының жойылмауына үлес қосатын, адам баласы ашықса азық болатын ақбөкендерді болашақ ұрпақ үшін сақтаумыз керек.
                                                                                                                  Қайрат ЖАҚЫП

Вернуться назад



Комментарии

Оставить комментарий